Айнұр Аханова – психолог-психотерапевт, заманауи практик психолог, «Мәскеу психоанализ институтының» түлегі, «ResourceAcademy» ғылыми-тәжірибелік психология орталығының түлегі және мүшесі.
Айнұр, сізді психология қашаннан бері қызықтырады? Осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Менде бала күнімнен адамды тыңдай алатын қасиет болатын. Өсе келе адамдардың жан-дүниесіне деген қызығушылық пайда болды. Барлық көрген, естігендерімнен мағына іздеп жүретінмін. Терең ойлануды жақсы көрдім.
Мені ең алғаш рет психологияға алып келген нағашы әпкем Гүлмира болатын, ал психологияның ғылым ретінде кереметтілігін өзінің білімімен, адамға деген құрметімен көрсете білген алғашқы ұстазым – Санкт-Петербург қаласынан келген дәрігер психиатр-психотерапевт, медицина ғылымының докторы, тәжірибелі практик маман, бірнеше кітаптың авторы, Новиков Юрий Александрович болды.
– Психологтар әйелдер немесе ерлер психологы болып бөлінеді ме? Сіздің клиенттеріңіз ер азаматтар ма, әлде әйелдер ме?
– Психологтар әйелдер психологы немесе ерлер психологы болып бөлінбейді. Психолог ерлермен де, әйелдермен де жұмыс жасай алады. Мен тек ерлермен жұмыс жасаймын, немесе тек әйелдермен жұмыс жасаймын деген психология саласында заңды қағида жоқ. Әрбір көмек сұрап келген жан ер ме, әйел ме маңызды емес, көмек қолын созуға біз міндеттіміз. Менің клиенттерімнің 99%- ы әйелдер, 1% -ы ғана ерлер.
– Біздің аналарымыз және әжелеріміз психолог мамансыз да өмір сүрген ғой, ал неге заманауи әйелдер психологиялық көмекке зәру?
– Әжелеріміздің заманында бәрі басқаша болды. Ер адам өз орнын білетін, әйел өз орнын білетін. Әр адам табиғатпен үйлесіп, сабырлық пен төзімділікте, көркем мінезбен өмір сүретін. Ол заманның адамдары мейірімді, өзін де, өзгені де ойлай алатын дәрежеде болған. Ол кездің адамдарының бойында жомарттық, ақкөңілділік, адамгершілік сияқты қасиеттері басым болатын. Ең маңыздысы – ер адамдардың жауапкершілігі болды. Ал қазіргі адамдар өзгеру үстінде, өйткені өмірлік құндылықтар әлсіреген. Заманауи әйел бәріне үлгергісі келеді. Ердің де, әйелдің де жұмыстарын жасап жүр. Қаржылық тәуелсіздікті қалайды. Әйел өте эмоционалды тұлға, сондықтан да жақындарынан, жарынан қолдау болмағандықтан, психолог маман көмегіне жүгінгенді дұрыс санайды.
– Бүгінгі таңда Қазақстан әйелдерін не алаңдатады? Сізге қандай мәселелермен жиі хабарласады?
– Оларды жұбайымен, балаларымен, ата-анасымен қарым-қатынас мазалайды. Қаржылық жағы алаңдатады. Көбінесе өзін тұлға ретінде қабылдай алмауы, өткен шақпен өмір сүруі, өзін-өзі кінәлауы, күйзеліске түсуі, балалық шақтағы жан жарақаттары, қорқынышы мен мұңға батуы, мамандық таңдаудағы қиындықтары, ішіндегісін ашып айта алмауы, тағы да басқа көптеген мәселелер бойынша хабарласады.
– Әйелдерге эмоционалды тұрақтылықты сақтау үшін не ұсынар едіңіз?
– Оларға әрқашанда, жақсы ойда жүріңіз дер едім. Жақсы орта табыңыз. Өз-өзіңізге сенімді болыңыз. Білім алыңыз. Өзіңізге мақсат қойыңыз, сол мақсатқа жету үшін әрекет жасаңыз дер едім. Ең маңыздысы – өзіңізді бірінші орынға қойыңыз, өзіңізді сыйлаңыз, өзіңізді жақсы көріңіз! Сонда ғана бәрі жақсы болады!
Мәтін редакцияланды: Атымтаева А.Т.
Comments