top of page

Құндыз Бейсен: табандылық – табыс кілті



Құндыз Бейсен – кәсіпкер.



Құндыз, қашаннан бері тоқыма бұйымдарын сатасыз?


– Бұл кәсіппен айналысқаныма 5 жыл болды. Осы жылдар ішінде біраз тәжірибе де жинақтадым. Адамның істегенін адам істейді. Ең бастысы – жүрексінбеу керек. Бастапқыда бәрінің айы оңынан туды десем артық болар. Алғашқы кезде қиындықтарға да кезіктім. Қатты қиналған кездерім де аз емес. Қолымды бір сілтеп, бәрін тастап кеткім келген уақыттар да болды. Алайда ата-анамның ес білгеннен бойыма сіңірген тәрбиесі, қолға алған қай істі болмасын аяқсыз қалдырмау, табанды болу сынды қасиеттері кері шегінуге жол бермеді. Үкілеген үміттерім мені алға жетеледі.



– Қолыңызда кішкентай балаларыңыз бола тұра, табысты кәсіп құруға қалай қол жеткіздіңіз? Сізге кім қолдау көрсетіп, көмектесті?


– Аллаға сансыз шүкіршілік етемін. Бірінші Алла деп айтайын. Екінші отбасымның қолдауы қиналғанда дем берді, жүрегіме ертеңіме деген сенім ұялатты , табанды болуға жетеледі. Арманыма қанат бітірді. Егер отбасым болмағанда сіз бен біз дәл қазір осылай әңгіме-дүкен құрып отырмас та едік. Қажет кезінде қасыңнан табылатын сенімді жандардың болғаны қандай жақсы! Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алға қойған армандарымды жүзеге асыруға жағдай жасаған, әрдайым қолдаған отбасыма алғысым шексіз. Менде талмай еңбек еттім. Ең бастысы армандай білуің керек! Арман – алға жетелейтін, рух беретін ұлы күш. Дегенмен, құр арман жетегінде қиялдап отырғаныңмен ештеңе тындырмасың анық. Арманыңды іске асыруға бірінші кепіл – еңбек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы ақын Абай. Төгілген маңдай тердің өтеуін беретін бір Алла. Адал еңбектің еш кетуі мүмкін емес. Міне, мен де енді асқақ арманымды адал еңбекпен өрнектеу арқылы биік шыңдарды бағындырып келемін.



– Тоқыма өнеркәсібінде табысқа жету жолы қаншалықты қиын болды? Осы жолда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Оларды қалай жеңдіңіз?


– Әрине табысқа бір күнде қол жеткізу мүмкін емес. Табысқа апарар жолдың бұралаңы көп. Бірін бағындырдым десең, екіншісі шығады. Сол жолда кездесер қиындықтарға төтеп берер күш – табандылық пен төзімділік, істің көзін таба отырып аянбай еңбек ету қажет. Табандылық – табыс кілті. Қиындықтарды бағындырған сайын жеңістің тәтті дәмін біртіндеп сезіне бастайсың. Еңбегімнің жемісін көрсеткен әр сәтіме Алла Тағалаға сансыз шүкір айтамын. Арайлап атқан әр таңда алдымда бір жетістік күтіп тұрады деген ой тынбай еңбектенуге жетелейді.



– Бизнесіңіздің болашағын қалай елестетесіз? Брендіңізді одан әрі өсіру үшін қандай жаңа трендтерді немесе идеяларды енгізуді жоспарлап отырсыз?


– Не нәрсені бастасам да оны аяқсыз қалдырмау, жастайымнан қалыптасқан қағидалардың бірі. Кез-келген істің негізгі көрсеткіші – оның соңғы нәтижесі. Нәтижесіз істің берекесі болмайды. Осы бизнесімді бастағанда да менің басыма келген алғашқы ой – ісімнің нәтижелі болғаны. Нәтиже бар жерде, жетістік бар. Нәтиже мен жетістік қатар жүреді. Жалпы менің түпкі ойым, осы салада үлкен жетістікке жетіп, әлемдік аренаны бағындырсам деген ниетпен ұштасып жатыр.



– Өз кәсібін ашқысы келетін басқа әйелдерге қандай кеңес бере аласыз?


– Егер біреуге ақыл-кеңес беруден оның ісі жүріп кетер болса, жер бетінде кәсіпкерлер қаптап кетер еді. Менің ойымша, кез-келген жанның қолға алған ісінің өрге дөңгелеуі тікелей оның өзіне байланысты. Өзгеге иек артқанмен оңдырып ешнәрсеге қол жеткізбейсің. Бар болғаны сол өзгенің соңында салпақтап жүресің де қоясың.


Данышпан Абайша айтсақ;

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап

Қысқасы, бір Аллаға, сосын өзіңе сен!»




Comments


bottom of page