Исатай Тапанов, Райана Тұрланқызы: Кофе мен гүлдің хикаясы: Атыраудағы отбасылық табыс тарихы
- 29 авг. 2025 г.
- 2 мин. чтения

Атырау қаласының тұрғындарына кофе мен гүлдің үйлесімділігін сыйлап жүрген бір отбасы бар. Олар армандарын іске асырып, “Global Coffee” және “Royal Flowers” франшизаларын қалаға алып келді. Тәжірибесіз басталған іс бірнеше жылдың ішінде табысты бизнеске айналып, атыраулықтардың жүрегінен орын алды. Біз, табысты бизнесмендер отбасында болып, Исатай мен Райана кездесіп, екі жобаның тарихы, табысқа жету құпиясы және бизнесті жүргізуде отбасылық қолдаудың маңызы туралы сұрап білдік.
Исатай Тапанов, Райана Тұрланқызы – Global Coffee Atyrau, Royalflowers басшылары.
Исатай, сіз бірден екі брендті – кофехана мен гүл бизнесін басқарып отырсыз. Әр жоба қалай пайда болды және оларды бастауға не түрткі болды?
– Біз отбасымыздың кәсіби жолын осыдан 4–5 жыл бұрын ғана бастадық. Қоғамдық тамақтану орнын ашу идеясы бізді көптен мазалап жүрді, көп іздендік. Алғашында “Salam bro”, “Halal slice” сияқты фастфуд желілерін сынап көрдік. Бірақ кофеге деген шексіз махаббатымыз бізді кофехана ашу арманына жетеледі. Сол арманның нәтижесінде “Global Coffee” бренді туралы ақпарат жинап, басқа да әріптестеріміздің тәжірибесін зерттедік. Бұл бизнес көзі бізді бірден өзіне ғашық етті. Шымкентке барып, келісімшарт жасап, алғаш рет Атырауға франшизасын әкелдік. Бүгінде қалада 6 нүктеміз бар, алдағы уақытта тағы 2–3 нүкте ашу жоспарымызда бар. “Royal Flowers” тарихы да қызық. Біз алғашында бұл брендтің тұрақты клиенті болдық, отбасымыздағы әрбір қуаныштарда міндетті түрде осы компанияның гүлін алуға тырыстық. Инстаграмнан үнемі бренд иесінің жұмысын бақылап, франшиза алуды армандадық. 1,5 жыл өткен соң арманымыз орындалып, бұл жобаны да қолға алдық.
– Сіз және жолдасыңыз бизнес пен өмірде бір-біріңізге қалай қолдау көрсетесіздер? Міндеттер нақты бөлінген бе, әлде барлығын бірге атқарасыздар ма?
– Екеуміз бәрін бірге бастадық. Бастапқыда тәжірибеміз де, біліміміз де болмады, тек бір-бірімізге деген қолдау мен сенім болды. Әр қадамымызды бірге ақылдасып шештік. Қазір міндеттеріміз нақты бөлінген: мен – даму жөніндегі директормін, желілердің танылуы мен кеңеюін қадағалаймын, серіктестермен келісемін. Райана – атқарушы директор, күнделікті жұмыс пен қызмет сапасын бақылайды.

– Бірінші бизнесті бастау кезінде ең қиыны не болды, және бұл тәжірибе екінші жобаны дамытуға қалай көмектесті?
– Бастапқыда барлық міндетті өзіміз атқардық. Бұл қиын болды, бірақ үлкен тәжірибе жинадық. Қазір білікті мамандардан тұратын командамыз бар. Алғашқы жобадағы қиындықтар бізге жүйелі жұмыс жасауды, тәуекел етуді және жаңа жобаларды сенімді бастауды үйретті.
– Сіздің жобаларыңыз эстетика мен ұсақ-түйекке мән берумен ерекшеленеді. Мұндай атмосфераны жасауға шабытты қайдан аласыз?
– Біздің жобаларымыздың басты мақсаты – тұтынушыға бақыт сыйлау. Біз үшін әр клиент маңызды. Кофенің хош иісі мен гүлдердің сұлулығы, тұтынушылардың қызмет сапасына қанағаттануы, әрбір клиенттің ризашылығын көру – бізге үлкен шабыт береді.
– Қазақстанның батыс өңірлерінде, әсіресе Атырау сияқты қалада, кәсіпкер сәтті болу үшін қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?
– Менің тәжірибемнен түйгенім – ең бастысы шынайылық. Серіктестермен, клиенттермен, командамен ашық және адал қарым-қатынас жасау маңызды. Сондай-ақ батылдық, өз ісіңе деген шынайы махаббат, жаңашылдыққа ашық болу – табыстың кілті.

– Жұмыс жүктемесін қалай бөлесіз және бизнес, отбасы мен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай табасыз?
– Барлығын алдын ала жоспарлаймыз. Үйде жұмыс мәселесін, жұмыста үй мәселесін талқыламауға тырысамыз. Бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз, әрдайым қолдау көрсетеміз, ал демалыста сапалы уақыт өткізуге тырысамыз, саяхаттаймыз.
– CEO ретінде алдағы 1–2 жылда қандай мақсаттар қойып отырсыз және бизнесіңізді Атыраудан тыс жерлерге кеңейтуді жоспарлайсыз ба?
– Жоспарымыз көп: екі жобаны да дамыту, қаладағы ең үздік желілер қатарына қосу, сапалы өнім мен сервисті ұсыну. Әзірге тек Атыраудамыз, бірақ ұсыныстарға әрдайым ашықпыз. Болашақта мүмкіндіктер туындаса, басқа қалаларда да өз бизнесімізді ашып, жаңа белестерді бағындыруға дайынбыз.



