Назерке Жартын: Ұланғасыр Қамидің табыс формуласы
- 1 день назад
- 3 мин. чтения

Қазақ шоу-бизнесінде өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген продюсерлер көп емес. Солардың қатарында – ішкі түйсігіне сеніп, талантты дәл тани білетін, бір ғана жобамен-ақ үлкен нәтиже көрсеткен Назерке Жартын бар. Ол тек продюсер емес, әр әннің жүрегін сезетін, хиттің табиғатын дәл табатын шығармашыл тұлға.
Назерке Жартын – Ұланғасыр Қамидің хиттерінің артындағы продюсер.
Назерке, продюсерлік мансабыңызды қалай бастадыңыз және Ұланғасыр Қамимен жұмыс істеуге не әкелді?
– Мен ешқашан продюсер боламын деп мақсат қойған емеспін. Қарағанды қаласындағы өнер музейінде қарапайым ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Сол жерде қазіргі жобам – Ұланғасыр Қамимен кездестім. Алғашқы кездесуде ол маған актер болғысы келетінін, жалпы жұлдыз болуды армандайтынын айтты. Жай ғана айтқан жоқ, көзінен оты жанып, үлкен арман-үмітпен жеткізді.
Сол көзіндегі отты көріп, іштей: «Мен бұл жігітті қолымнан келгенше қолдап, демеу жасауым керек» деп ой түйдім. Бірақ оны қалай жүзеге асыратынымды білмедім. Себебі ол жолға бастайтын негізгі құрал – қаражат еді, ал менде бизнес те, артық қаржы да болған жоқ. Дегенмен, Аллаға тәуекел етіп, Ұланғасырмен бірге – ол әнші, мен продюсер ретінде – шоу- бизнеске алғашқы үлкен қадам жасадық.
– Артистермен жұмыс істегенде олардың потенциалын толық ашуға қандай негізгі принциптеріңіз бар?
– Қазіргі таңда менің бір ғана артистім бар. Сондықтан осы сұраққа сол артистпен жасаған жұмысым арқылы жауап берейін. Ұланғасырдың қандай дүниелерді жасай алатынын алғашқы кездесуден бастап-ақ ішкі түйсігіммен сезіндім. Жұмыс барысында да соны байқаймын.
Бірақ ең алдымен оған ізденуге, өзін табуға мүмкіндік беремін. Кейін бағыт-бағдар беріп, бірге талқылап, дамытамыз.
– Хиттерді жасау процесіне қалай қатысасыз – идеядан бастап финалдық релизге дейін?
– Хит болсын, репертуардағы кез келген ән болсын, ең алдымен таңдауды өзім жасаймын. Кейін Ұланғасырмен ақылдасып, жүйелеп, дамытамыз. Әннің тақырыбын анықтап, сөз жазатын ақынға тапсырма береміз. Кейбір жерлерін бірге жазамыз. Аранжировкаға да араласамыз. Яғни әр әннің басынан аяғына дейінгі процестің барлығына қатысамын. Айта кететін бір жайт – Ұланғасырдың репертуарындағы көптеген хит әндерді бастапқыда өзі орындағысы келмеген. Тіпті «айтқыздым» десем де болады. Бірақ ішкі түйсігім олардың хит болатынын сезді, және солай болды.
– Продюсерлік жұмысыңызда қандай қиындықтар туындайды және оларды қалай еңсересіз?
– Әр саланың өзіне тән жақсы жағымен қоса қиыншылықтары да болады. Продюсерлік жұмыс та көптеген жұмыстар сияқты халықпен жұмыс жасайтындықтан өз қиыншылықтары жетерлік. Бұл салада психолог бола білу керек деп ойлаймын.
Яғни, қай жағынан десеңіз, әртіс пен халықтың ортасындағы нәзік көпір септі.
Қиыншылықтарының көпке танымал тұсын атап айтатын болсам: әртісімнің немесе менің тарапымызға келетін комментарий, хэйт. Оны былай түсіндірсем: тынбай өз тарапымыздан жұмыс жасаймыз. Кішкентай бір нәрсе үшін халықтың саған деген көзқарасы бір сәтте өзгеруі мүмкін.
Оны жұмысымызға сын деп қабылдап, түзетуге тырысамыз. Яғни, сын түзелмей, мін түзелмейді. Әрқашан жақсылыққа жұмыс жасау процесінде жүреміз. Және тыныштықта, табиғат аясында тынығып, өз-өзіңе келіп, ары қарай жұмысқа кірісіп кете береміз. Былайша айтқанда, сынып жатуға уақыт та жоқ.

– Артистің имиджі мен Қазақстанда және шетелде танылуын қалай қалыптастырасыз?
– Мен үшін ең басты стратегия – әннің хит болуы. Егер ән жүректен шықса, ол міндетті түрде жүректерге жетеді. Қалған жұмыстар соған сәйкес жүргізіледі. Мен үшін хит ән – бесіктегі баладан бастап, қарияға дейін тыңдайтын шығарма. Ал сахналық имидж, образ, стиль, шаш үлгісі сияқты дүниелерді сол әннің табиғатына қарай ойластырамын.
– Жаңа әндер немесе жобалардың потенциалын қалай бағалайсыз – сіздің «сәттілік құпияңыз» бар ма?
– Кез келген ән бізге келгенде оның потенциалы бірден сезіледі. Сонымен қатар нарықты да зерттеп отырамын – тек Қазақстанды ғана емес, Орта Азияны да.
Жобалардың әрқайсысының өз аудиториясы, көрермені, рейтингі болады.
Соған қарай әрекет етемін. Бұл жерде ерекше бір құпия жоқ. Өз саласында жүрген әр адамның ішкі түйсігі болады деп ойлаймын. Мен сол түйсігімді тыңдаймын.
– Өз продюсерлік жетістіктеріңізден ең маңыздысын қайсысын санайсыз және неге?
– Бұл сұраққа қалай жауап берерімді де білмей отырмын. Себебі мен әзірге қазақ өнеріне бір ғана жобаны қостым. Және ол жаман нәтиже көрсеткен жоқ деп ойлаймын. Алда мақсаттарым көп: жаңа талантты жастарды қазақ сахнасына шығару, сондай-ақ кинопродюсер ретінде қазақ киноөнеріне қадам басу. Сол кезде ғана жетістіктерім туралы нық сеніммен айта аламын деп ойлаймын.



